Ұстаз есімі әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін ұлы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі - ұстаз. Осындай өз ісінің шебері болған, ардақты зейнеткер ұстазымыздың бірі, шаңырағының сүйеніші, немерелерінің абыздай ардақты атасы Нұғыманов Мағауия Зейноллаұлы жеті асудың бел ортасы – 75 жасқа толып отыр. Осынау мерейлі белесінде шаңырағының тамыры терең бәйтеректей тірегі болып, деніңіз сау, тірлігіңіз қуаныш пен қызыққа толы болсын деп тілейміз.
Мағауия Зейноллаұлы 1945 жылы 25 қаңтарда Еңбекшілдер ауданы, Қызылұйым ауылында, Зейнолла атамыздың отбасында дүниеге келді.
Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Мағауия ағамыз қиын пәндердің бірі болып есептелетін математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдады. Ол өзінің еңбек жолын «Үлгіалған» ауылында математика пәні мұғалімі болып бастайды. Жұбайы география пәнінің мұғалімі Әлия Әбдірахманқызымен төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ал Есмағамбет Исмаилов атындағы Мәдениет орта мектебіне 1982 жылғы шілде айында мектеп директоры болып тағайындалып, 1993 жылға дейін еңбек етті. Осы жылдар аралығында Мәдениет мектебінде оқушыларға оқу-тәрбие беру жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, алты жасар оқушыларды оқыту үшін 1987 жылы кеңшар жаңа мектеп салып берді. Мектеп төсек орындармен, ойыншықтармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамассыз етілді. Сонымен қатар 12 орындық компьютер сыныптары ашылды, 12 кабинеттің 11-і паспортталды. Сол кездегі атқарылған тағы бір игі істердің бірі - Есмағанбет Ысмайылов атындағы «Өлкетану» мұражайының ашылуы болды. Мұражай кейіннен аудан, облыс, республика көлеміне әйгілі болды. 1991 жылы мұражайлардың республикалық көрмесінде II- орынға ие болды. Сол кездегі мұражай жетекшісі –Қосыбаева Әсия Таупыққызы болған еді.
Сол жылдары мектепте қоян, құс фермасы жұмыс істеді. Жазғы күндері сауықтыру лагерінде 90 оқушы демалып, тегін тамақпен қамтамассыз етілді. 5-9 сынып оқушылары мектеп үлескісінде жұмыс істесе, 10-сынып оқушылары қой шаруашылығымен айналысып, 1200 қозыны күтіп-бақты. Осындай ерен еңбегінің арқасында Мағауия Зейноллаұлы әріптестерінің арасында беделді болып аудандық, облыстық, республикалық марапаттауларға ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, аудан орталығындағы мектептерде математика пәнінен сабақ берді.
Құтты болсын, жетпіс бестің белесі,
Тоқтамасын өмір-кештің кемесі.
Жамбылдайын жүз жасты да көрейік,
Мерейтойлар тойланумен келесі!- деген шынайы ақ тілегімізді өзіңізге осынау атаулы күніңізде арнағымыз келеді.