Ауылым- алтын бесігім.
Мәдениет ауылының тұрғындары атығай руы ішіндегі Елтоқ, біразы Керей руының ұрпақтары. 1917жылғы Қазан төнкерісіне дейін бұл жер «Ұрыағаш»деп аталған. Өйткені, Орта Азиядан Ресейге келе жатқан сауда керуенін тонайтын қарақшылар осы маңда ну орманның ішінде тығылып жатқан, сол орманның жанындағы елді мекен Ұрыағаш деп аталған.Бұрынғы өткен ата бабаларымыз осы жерді тегін таңдамаған. Ауыл- кең жазық төменде,ойпатта орналасқан,жағалай тау-төбе қалың ағаш.Атақты сексен көлдің ортасын ала орналасқан, көлді, ну орман-тоғйлы, қарағайлы, асқар таулы, өте бір көрікті, шұрайлы, көркеммекен.Кезінде бұл манда мыңды айдаған, байдың байы болған Әлжан би өмір сүрген, баяғының топас байларындай емес көзі ашық ,көкірегі ояу, дана адам болыпты. Сол кездегі Алаштың ардақты ұлдары Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтармен дос болып, бар малын ауылдарға мектеп, медресе салдыруға жұмсаған. Кәмпескелеу кезінде ол кісіні ит жеккенге жераударған екен.1927 жылы Коммунистік партияның ХҮ сьезінде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру саясаты жарияланды. Қазақстанның астықты аудандарында колхоз құрылысының негізгі формасы- ауыл шаруашылық артелі, ал мал шаруашылығы аудандарында жерді бірлесіп өңдеу мен шөп шабу жөніндегі серіктестік болуға тиіс еді. Міне, осы ұжымдастыру кезінде, яғни 1929 жылы Ұрыағаш ауылы «Жар қызыл» серіктестігіне кіреді.1929-1935жылдары колхоздын алғашқы председателі Тайшыбеков Әбіш болған. Серіктестікте 250-ге жуық үй болған. Ұлы Отан соғысы басталғанда колхоз председателі Мұхамеджанов Балташ, ол кісі майданға кеткендеҚұсайынов Дайыр болды.
Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру идеясы әуел бастан–ақ мейлінше қатаң тәртіппен жүргізіліп, жаппай қуғындау мен лаңкестікке негізделді, ұжымдастыру «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын»деген ұранмен жүргізілді.Бұл науқан «Жар қызыл»серіктестігінде айналып өтпеді.Көнекөз қариялардың айтуы бойынша сол жылдары ауылдастарымыз соңғы лағына дейін мемлекетке етке өткізген. Әр ауылға белгілі бір өнімді дайындауға тапсырма берген, мысалы жүн жинаудан жоспарды артық орындау үшін қыс ортасында қойларды қырықтырған, нәтижесінде қаншама қырқылған қойлар қырылып қалған. Әсіресе, 1928 жылы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декрет шығарады. Мыңдаған адамдардың тағдыры тәлкекке түскен осы бір ауыр кезеңде жоғарыда айтқан Әлжан би де бүкіл әулетімен итжеккенгежер аударылады. Ұжымдастыру салдарынан болған 1930-1932 жылдары болған аштық кезінде де ауылдастарымыз барлық казақ халқы сияқты ауыр зардаптарды басынан кешірді. Алайда, ауылдастарымыз тағдырға мойынсұнып, дәрменсіз қалған емес , барлық қиындықтарға төтеп беріп, сағы сынбай, елдігін сақтап ,күні бүгінге дейін түтінін түзу түтетіп отырған қазақ ауылдарының бірі.
Ер есімі-ел есінде.
1941-1945 жылдарпдағы Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәдениет ауылынан қолына қару ұстауға жараған 120-ға жуық ер азамат майданға аттанған.Жеңістің ұлы күнін жақындатуға қажырлы еңбегімен, майдандағы ерлігімен мәдениеттіктер де үлкен үлес қосты. Қазақ халқының бір бөлшегін құрайтын ауылдастарымызды нағыз интернационалистер, Отанын сүйген патриоттар деп атауға болады. Қара түнек фашизм өз қаһарын біздің Отанымызға төндіргенде еліміздің әр сүйем жерін азат етуге аз да болсын өз үлесін қосқан жерлестеріміз Мәскеуді қорғауға, Ленинград бағытындағы ммайданға,атақтыСталинградшайқасына, Украина мен Прибалтиканы азат етуге қатысты. Майданға кеткен 120 жуық жауынгердің 80-нен астамы қайтып оралмады.
Мұхамеджанов Балташ 1900 жылы туған. 1942 жылы наурыз айында Целиноград (қазіргі Астана қаласынан) майданға аттанады. Калинин бағытындағы шайқасқа қатысып, 1942 жылы 22 тамызда сол иықтан жараланып, госпитальға түседі. 1942 жылы 28 тамызда операция жасау кезінде қайтыс болады. 2005-2006 жылдары интернет жүйесі жаңа жұмыс істей бастаған кезде көптеген адамдар майданда хабарсыз кеткен туыстарын, қаза тапқандардың қайда жерленгені жөнінде ақпараттар іздестіре бастады. Сол кезде қазіргі ауданымыздың білім беру бөлімінің бас маманы Қосыбаева Әсия Таупыққызының көмегімен атамыздың қайда жерленгені анықталды. Балташ ата Қазан қаласындағы 2222 қабірде жерленген екен.
Мұхамеджанов Әшірбек атамыз 1914 жылы туған. 1941 жылы майданға аттанған, Калинин бағытындағы соғысқа қатысқан, кейіннен хабарсыз кеткен.
Мұхамеджанов Молдабек 1918 жылы туған. 1941 жылы соғысқа аттанған, Польшаны азат етуге қатысқан кейіннен хабарсыз кеткен.
Майданда жаумен арпалыста тамаша ерлік көрсетіп жүрген ауылдастарымыздың рухын ау ыл еңбеккерлері өздерінің жанқиярлық еңбегімен көтерді.Тек қана майданда ғана емес,ауыл адамдары, жасөспірім балалар, әйелдер, қарттар өзінің қажырлы еңбегімен жеңіс күнін жақындатты. Мәдениет колхозының председателі Құсайынов Дайырдың дерегіне қарағанда әр ай сайын майдан жауынгерлеріне 2 дана фуфайка, 4дана қалың шалбар, 8 жүн носки,5малақай, 1шолақ тон жіберілді.Мәдениет колхозы туралы сөз болғанда, оның қарт адамдары Құсайынов Дайырдың есімін ерекше бір ілтипатпен атап өтеді. Кедей шаруа семьясынан шыққан ол көп жылдар бойы Бағысов,Қойлыбаев, Үсенбаев сияқты байларға жалданып еңбек етті. 1941 жылдан бастап Мәдениет колхозының преседателі болып істеді. Соғыс кезінде аудандық жылы киім жинау коммисиясының мүшесі болған. Ауылымыздың көнекөз қариясы Дулат ата: «Бір күні малақай тапсыру кезегі біздің үйге келді, беретін басы артық малақай болмағандықтан анам менің киіп жүрген малақайымды беруге мәжбүр болды » деп еске алады.
Тың игеру жылдарындағы Мәдениет ауылы.
Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім 1954жылдың көктемінде қабылданды. Онда 1954-1955ж.ж тың жерлерді игеру есебінен егіс аумағын 13 млн.га-ға арттыру, ол жерлерден 1100-1200 млн. Пұт астық, соның ішінде 800-900 млн. пұт тауарлы астық алу көзделді.Тың игеру жөніндегі бұл шешімді барлық қазақстандықтар сияқты Мәдениет ауылы да қуаттайтындықтарын білдірді. Бұл кезде елімізде егістік жерлердің көлемі- 26 335га болды.1950 жылдары егін шаруашылығында бидай-15%, сұлы-13% ,ячмен-13% тары-10% рож- 12% еккен.Төмендегі құжаттарда 1944-1956жылдары қанша егістік көлемі болғаны ,сол кезеңдегі мал шаруашылығының жағдайы туралы көптеген мәліметтер келтірілген.
1970-1990 жылдардағы Мәдениет ауылы.
Мәдениет ауылы 1975 жылдың наурыз айында « Невский» совхозынан бөлініп, өз алдына жеке совхоз болып құрылды. Алғашқы директоры болып Мирендинов Ғиззат Башенұлы- мамандығы зоотехник, өте білімді және қайратты басшы болды.Кейіннен ол кісі Еңбекшілдер аудандық ауыл шаруашылығы басөармасының төрағсы болып қызымет етті.1980-1990ж ылдары Мәдениетті басқарған Абишев Егінбай Жақмәрішұлы тұсында да елдің шаруашылығы алға басып, халықтың әл- ауқаты көтерілді. Тұрғын үйлер салынып, көптеген игі жұмыстар жүргізілді.
Шаңырағы шайқалмаған құтты мекен сонау ұжымдастыру, тың игеру сынды, одан бері 90- шы жылдардағы экономиканың құлдырап, уақыттың алмағайып заманында да тіршілігі сәл тұралап қалғанына қарамай ,бірлік пен елдіктің, елім деген асыл азаматтардың жемісті еңбегі арқылы сағы сынбай, саны кемімей жетіп, Алаштың айбарлы да, көрікті ауылдарының біріне айналды. Соғыстан кейінгі жылдары тән жарасы жазылғанымен жан жарасы жазыла қоймаған ауылдастарымыз елдің шаруашылығын көтеруге кірісті.
1971 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол ұйымы мектеп бітірген жастарды қой шаруашылығына келуге шақырды. Оған басқа комсомол ұйымдары бірден үн қосты. Осылай қой өсіруші комсомол жастар бригадасы жаппай құрыла бастады. Бұл бастамадан Мәдениет ауылының жастары да тыс қалмады. 1974 жылдың жазында «Аққайың» атты қой өсіруші жастар бригадасы құрылды. Оның құрамында он шақты мектеп бітірген қыз- жігіттер болды. Бригадалар шаруашылыққа қажетті жабдықтармен қамтамассыз етілді, атпен, киім және мәдени- тұрмыс заттары бөлінді. Бригада бұрынғыдай отармен емес, 3- 5мың қойды бір жерде, ауысыммен бағуға тиіс болды. Бұл бастаманың тағы бәр ерекшелігі қой шаруашылығында екі жыл істеген жастар жоғарғы оқу орнына түсуге жолдама алды.Сөйтіп, мал шаруашылығы еңбегін ұйымдастырудың бұрын болмаған түрлері дүниеге келді.Кейіннен, осы «Аққайың» жастар бригадасында жұмыс ітеген жастардың көпшілігі жолдамамен жоғарғы оқу оорнына түсіп, бүгінгі күні республикамыздың түкпір- түкпірінде қызмет етіп жүр.
Тарихты тұлғалар жасайды.
Табиғатына қарай азаматы дейді ғой. Осынау сұлу табиғаттың дәл ортасына бөленген Мәдениет ауылынан талай-талай кемеңгер, ғылым докторлары,бірнеше палковник, генерал, еңбегімен ер атанған еңбек ерлері, ұлылыққа баланған ұстаздар, қияға қанат қағып ұшып шыққан.
Солардың басында Қосыбаев Тоқсанбай тұрды.Жас кезінде қой бағып, кейіннен өгіз айдап, көп бейнет көрген атамыз 1887 жылы дүниеге келіп, 1960 жылы 73 жас шамасында дүниеде өтеді. Шаруашылық саласында жылқы бағудан зор жетістіктерге жеткені үшін Қосыбаев Тоқсанбай атамыз сол кездегі ең құрметті атақ «Социалистік Еңбек Ері»атағын алды.
Ауылымыздан шыққан майталман тағы бір азаматтың бірі Баймұрат Жақашев. 1923 жылы Мәдениетте ең алғаш мектеп салдырған, Республика бойынша алғаш мұғалімдер арасында Ленин орденін алған адам,осы мектептің алғашқы шәкірті Е.Исмайылов болған. Б.Жақашовтың ұлы Шайдолла Жақашов ауыл шаруашылық ғылымдарының докторлығын ,түйе шаруашылығына зерттеу жұмыстар жүргізіп, Алматыдан қорғап, ел есімін тағы да бір әйгілі етті.
Білімнің биік шыңына шығып,елдің әдебиетін, мәдениетін келешекке жеткізуде зор еңбек атқарғанауылымыздан шыққан тағы бір ірі тұлға филология ғылымының докторы, прфессор, академик , әдебиеттанушы, зерттеуші, сыншы- Е.С.Исмаилов.
Балғын балалық шағы сұрапыл соғысқа келген, сол кездің барлық ауыртпалығын мойнымен көтерген, бүгінгі күні ауылымыздың көнекөз қариялары, ақылшысы, бағыт-бағдар беруші аталарымыз- Дулат ата, Әбжан ата және ауылымыздың бас имамы Сатыбалдыаталарымызды құрмет тұтып, басымызды иеміз.
Классик жазушымыз Ғ.Мүсірепов: «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметтің өзіне көрік береді» деген екен.Міне, қызметіне көрік берген осындай жандардың бірі- саясатану ғылымының докторы, профессор, «Даңқ» орденінің , көптеген медальдардың иегері, ҚР ҰҚК нің төрағасының орынбасары болып қызмет еткен, құрметті шекарашы, Қазақстан атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, генерал- майор Елубаев Бауыржан Ысқақұлы.
Елубаев Бауыржан ағамыздың жарыЕлубаева Шәмшібану апамыз да , Мәдениет ауылының тумасы. Тіл білімі саласы туралы көптеген еңбектер жазған. 1979-1982ж.ж Алматы Шет тілдері институтында, Абай атындағы ҚазПИ- де, Әл- Фараби атындағы Қазақ МУ, Б.Букетов атындағы ҚарМУ, ал 2005-2016 жылдары ҚР-ның ҰҚК шекара қызметі академиясының кәсіби тіл дайындығы кафедрасының профессоры болып қызмететкен.
Әрине, Мәдениет ауылынан шыққан ұлы тұлғаларды айтқанда Жақып Омарұлы Омаровты айтпай кетуге болмайды. Қазақстанның еңбек қайраткері,дарынды режиссер, Попов атындағы күміс жүлденің иегері, Мәдениет ауылында әйгілі Мағжан Жұмабаевтың поэмасы бойынша «Батыр Баян»фильмін түсірген.
Сол сияқты Мәдениет ауылынан шыққан 10-ға жуық полковниктердің басында Байтемиров Сатыбекті- Еңбешілдер ауданының партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Семейде мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.
Бегахметов Хамза,Темирболатов Амангелді, Ахметбеков Қапетай , Хасенов Сатыбай, сияқты жерлестерімізді айтуға болады. Балташов Балғабекті қатардағы тергеушіден аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, облыстық мемлекеттік автоинспекциясының бастығы, облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полковник.
Ер адамдармен қатар, біздің ауылдан шыққан нәзік жанды апаларымыз да елдің есімін Республика көлемінде әйгілі етуде көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда: Еңлік Нұрғалиқызы Нұрғалиева – ең бірінші Шығыс елдері әйелдерінен шыққан заң ғылымдарының докторы , профессор, Халықаралық информатизация академиясының академигі , кезінде юстиция министірінің орынбасары, ҚР ның парламентінің Заң бөлімін басқарған. Алматы қаласындағы Заң академиясының ректоры, қазіргі Ресей президенті В.Путинмен Санкт- Петурбург қаласында бір факультетте оқыған аяулы апамыз біз үшін мақтаныш.
Құрмансалықова Теңдік Құсайынқызы- ҚР на еңбегі сіңген ұстаз, білім берудің үздігі, «Еңбек Қызыл Ту» «Құрмет белгісі»ордендерінің иегері, кеңес одағында бүкілодақтық мұғалімдер сьезінің делегаты болған.
Абдықалықова Бақыт- ауыл шарушалық ғылымдарының докторы, ҚР-ның Президенті Іс Басқармасының бас инспекторы.
Смақова Мария- көп жылдар бойы Мелекеттік Қауіпсіздік Комитетінде қызмет етті.
Елеуова Ырсалды Ақтайлаққызы- ҚР-ның білім беру ісінің үздігі, Мәдениет мектебінде жұмыс істеген жылдары Е.С.Исмаилов атындағы мұражайдың негізін қалаған, Көкшетаудағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ орта мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі .
Тарих ғылымдарының кандидты Сергазин Жеңіс, КСРО жоғары Кеңесінің депутаты,Ленин орденінің және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Нұғыманов Қабдолла.Су қорларын пайдалану және қорғаужөніндегіинспекцияның бастығы Бекбергенов Қорқытбай сияқты аталарымыз бен апаларымыз сан салада абыройлы қызмет жасап, біздің аядай ғана аяулы да асқақ Мәдениет елінің атын аспандатқан өз елінің патриоттары деп айтуға болады.
Бұл ұлы тұлғалардың орнын тәуелсіздік алғаннан кейнгі жаңа ұрпақтар басуда. Олардың көш басында облысқа әйгілі адвокат, «Ақмола облысының ең үздік адвокаты атағын»екі мәрте алған жерлесіміз Егубаев Хасен Рақымұлы,аудандық білім бөлімінің бас маманы, 1980-1990 жылдар аралығында Мәдениет мектебінде жұмыс істеген,Е.Исмайылов атындағы мұражайды Республикаға әйгілі еткен жерлесіміз Қосыбаева Әсия Таупыққызы, жүрген ортаасына жігер беріп,жұртты жақсы істерге жұмылдырып жүретін тағы бір абзал ағамыз аудандық Бурбай газетінің бас редакторы Рақышев Болат Сабырұлы т.б көптеген аптал азаматтар тұр.
Жас буынның ішінен мектебімізді алтын белгімен бітірген Қасенов Елжас пен Рахимжанова Диананы да айтпай кетпеске болмайды.
Әрине, барша жұрттың абыройына бөленген ,еңсесі биік , әр салада қызмет етіп жүрген жерлестеріміздің бәрін бір тізімге сыйдыру мүмкін емес. Алайда, осындай жатса-тұрса халқының қамын жеген, жоғын жоқтап, барын бағалаған, сөзін сөйлеп, елінің шамшырағындай болған азаматтарды ардақтай білу, бағасына жетіп, парқын ұғыну, өнегелі істерін мақтан тұту, елге жеткізіп, ұрпаққа сіңіріп отыру біздің парызымыз.Данасы мен дарасын, ұлы мен ұлылығын қатар туғызған қазіргі жаһандану деген заманда қазақтықтың қаймағын бұзбай, ұлттық менталитетін жоғалтпай келе жатқан Мәдениет ауылының тарихы осындай.