Бурабай ауданына жақын қабырғалы, айрандай ұйып отырған Мәдениет ауылы бар. Осынау сұлу табиғаттың дәл ортасында орналасқан «Мәдениет» ауылынан филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Есмағамбет Самұратұлы Исмаилов бастаған ондаған ғылым докторлары, профессорлар, генерал Бауыржан Елубаев бастаған онға жуық полковниктер, Социалистік Еңбек Ері Тоқсанбай Қосыбаев бастаған ерен еңбек адамдары шықты. Осы ұлы тұлғалардың қатарына ең бірінші Шығыс әйелдерінен шыққан заң ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық информатизация академиясының академигі, кезінде юстиция министрінің орынбасары болып қызмет еткен, Қазақстан Республикасының парламентінің Заң бөлімін басқарған, Алматы қаласындағы Заң академиясының ректоры болып қызмет еткен, қазіргі Ресей президенті Владимир Путинмен Санк- Петербург қаласында бір факультетте оқыған апамыз ауылдастары үшін зор мақтаныш. Нұрғалиева Еңлік 1947 жылы 13 қазанда Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Степняк қаласындағы орта мектепті аяқтайды. 1966-1968 жылдары Мәдениет сегізжылдық мектебінде орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. 1968 жылы Ленинград мемлекеттік заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы аяқтайды. Оқуды аяқтағаннан кейін туған елге қызмет етсем деген ниетпен елге оралып, Қарағанды Мемлекеттік университетінде 1973-1993 жылдары ұстаздық етті. Әрі қарай әр жылдары жоғарыда аталған аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қазіргі кездің өзінде, мемлекетіміз қабылдап жатқан небір заңнамалық құжаттарды дайындауда Еңлік Нұрғалиқызы белсене қатысып, өз білім, біліктілігін жастарды тәрбиелуге жұмсауда. 2019 жылдың қазан айында Мәдениет ауылына осы жердің тумасы, аты аңызға айналған апамыз Еңлік Нұрғалиева келеді деген хабарды естісімен аудандық қазақ мектептерінің ұстаздары, аудандық білім бөлімінің бас маманы К.А.Алдабергенова, жергілікті әкімшіліктен келген лауазымды адамдар және Зеленобор ауылдық округінің әкімі М.А.Баженов Есмағамбет Исмаилов атындағы Мәдениет орта мектебінің мәжіліс залында жиналдық. Жиынға көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылар және көпбалалы отбасылары арнайы шақырылды. Еңлік Нұрғалиқызы жиналған қауымды үкімет тарапынан дайындалып жатқан көптеген әлеуметтік реформалармен таныстырды, әсіресе, көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар туралы тоқталды. Мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты, жастар мәселесі, жұмыссыздық жайлы көптеген ой- пікірлерін ортаға салды, жиналған халықтың сұрақтарына жауап бере отырып, жеке қабылдаулар жүргізді. Сөзінің соңында болашақтан күдер үзбей, өмірге үмітпен қарасақ, әрқайсысымыз өз жұмысымызды аса бір жауапкершілікпен атқарсақ, бәрі де жақсы болады деген қорытынды ойын айтты. Біз әр уақытта қадірлі апамызды мақтан тұтамыз, өйткені Еңлік Нұрғалиқызы бұл құрмет пен қадірге лайық тұлға!
Игубаева Үмітжан Рахымқызы,
тарих пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі